Қазақстанда құмар ойындарға ерікті түрде өзін-өзі шектеу механизмі қолданылады: азаматтар eGov mobileқосымшасы арқылы өздеріне құмар ойындарға қол жеткізуді 6 айдан 10 жылға дейінгі мерзімге шектей алады. Берілген өтініштің күші жойылмайды, бұл қабылданған шешімнің маңыздылығын көрсетеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, өзін-өзі шектеуді рәсімдеген азаматтар туралы мәліметтер құпия болып табылады және тек шектеулі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ мұндай тұлғаларды құмар ойындарға жібермеуге міндетті заңды игорлық мекемелерге ғана қолжетімді. Сонымен қатар, бұл деректер бизнес пен мемлекеттік құрылымдар үшін қаржылық, материалдық және өзге де жауапты лауазымдарға қабылдау кезінде қолжетімсіз болып қала береді.
Мұндай модель жүйелік теңгерімсіздік қалыптастырады: құмар ойын индустриясы бұл деректерді ескеруге міндетті болса, жұмыс берушілер кадрларды іріктеу кезінде оларды ескеру мүмкіндігінен айырылған. Ал өзін-өзі шектеу — бұл азаматтың өз тарапынан тәуелділіктің бар екенін және оны толық бақылауда ұстай алмайтынын мойындауы болып табылады. Мұндай фактіні қаржы мен материалдық құндылықтарға қолжетімділігі бар лауазымдарға тағайындау кезінде ескермеу теріс пайдалану мен құқықбұзушылық тәуекелдерін арттырады.
Тәуекелдер тәжірибеде де расталады. Мысалы, Семей қаласында штабтың топографиялық қызметінің бастығы қызметін атқарған капитан әскери бөлімнің мүлкін ысырап еткені үшін сотталған. Сот мәліметтері бойынша, ол букмекерлік кеңседегі ұтылыстардан туындаған қарыздарын өтеу үшін әскери бөлімнің құралдарын ломбардқа өткізген. Келтірілген залал 2 млн теңгеден асты.
Сонымен қатар, ойынға тәуелділік мәселесінің заңнамалық тұрғыдан да көрінісі бар екенін ескеру қажет. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 27-бабына сәйкес, құмар ойындарға әуестену салдарынан өз отбасын ауыр материалдық жағдайға ұшыратқан азамат сот арқылы әрекет қабілеттілігі шектелуі мүмкін. Мұндай тұлғаға қамқоршылық белгіленеді, ал табыстарын басқару және маңызды мәмілелер жасау құқықтары шектеледі.
Яғни, мұнда тұлғаның іс жүзінде шектеулі әрекет қабілетті деп танылатын құқықтық механизмі туралы сөз болып отыр. Жауапты лауазымдарға тағайындау кезінде мұндай тұлғалар қарастырылмайтынын ескерсек, жұмыс беруші үшін мұндай тәуекелдерді алдын ала ескеру аса маңызды.
Айта кету керек, қолданыстағы өзін-өзі шектеу механизмі тек заңды жерүсті игорлық мекемелерге ғана таралады. Ал қазіргі уақытта ойыншылардың едәуір бөлігі онлайн-платформаларды, оның ішінде заңсыз ресурстарды пайдаланады, олар іс жүзінде бақылаудан тыс қалып отыр.
Нәтижесінде, өзін-өзі шектеуді рәсімдеген адамның өзі де ойынды жалғастыруға, қарыз жинақтауға және тәуелділікті күшейтуге мүмкіндік алады. Бұл негізгі тәуекелдердің толық жойылмай, тек ішінара жасырылатынын білдіреді.
Осы жағдайларда өзін-өзі шектеу туралы деректерге қол жеткізу тәсілдерін қайта қарау қажеттілігі туындайды. Әңгіме қаржылық жауапкершілігі жоғары лауазымдарға қабылдау кезінде жұмыс берушілерге мұндай ақпаратқа шектеулі қолжетімділік беру туралы болып отыр. Ұқсас механизмді мемлекеттік секторда да енгізу орынды.
Мұндай тәсіл тәуекел факторларын тек бизнес пен мемлекет мүддесінде ғана емес, азаматтың өз мүддесінде де ескеруге мүмкіндік береді. Бұл тәуелділік салдарынан құқыққа қарсы әрекеттерге бару ықтималдығын азайтып, кейіннен сот тәртібімен әрекет қабілеттілігін шектеу жағдайларының алдын алуға ықпал етеді.
Өзін-өзі шектеу деректерін реттелген форматта пайдалану тек салдарға әрекет ету құралы ғана емес, сонымен қатар алдын алу құралына айналуы тиіс. Бұл қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алуға, кадрлық сенімділікті арттыруға және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.