ЗАҢСЫЗ ТЕКСЕРУЛЕРДЕН БИЗНЕСТІ ҚАЛАЙ ҚОРҒАУҒА БОЛАДЫ

4 0

Тексеру түріндегі мемлекеттік бақылау – мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бөлігі болып табылады. Өз құқықтарын қорғау үшін, әр кәсіпкерге бұл процесті реттейтін нормативті актілерді білу қажет.

Тәжірибеге сүйенсек, тексерулердің басым бөлігі заңбұзушылықтарды анықтаумен және айыппұл өндірумен аяқталады. Алайда, тексерушілердің қателіктері тексеру нәтижелерімен келіспеуге негіз бола алады. Егер мұндай қателіктер шектен тыс күрделі деп танылса, бұл барлық заңбұзушылықтар мен қойылған шектеулердің жойылуына әкелуі мүмкін. Кәсіпкерлік кодекстің 156-бабында бұл жағдай белгіленген. Соған сәйкес, тексерудің заңсыздығы жоғары мемлекеттік орган немесе сотпен айқындалуы мүмкін. Сонымен қатар, дұрыс ұйымдастырылмаған тексеріс, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 175-бабы бойынша, тексеруші үшін әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін, бұл белгіленген рәсімдерді қатаң сақтаудың маңыздылығын көрсетеді.

Кәсіпкерлерге тексеріс жүргізу барысына мұқият қарап, басты назарды тексерушілердің келесідей іс-әрекеттеріне аудару маңызды:
1. Тексерушілер тексеруді тағайындау туралы актіні және қажет болған жағдайда мерзімдерін ұзарту туралы актіні, сондай-ақ уәкілетті органда тіркелген тексеру парағын тапсыруға тиіс. Тексеруді тіркеу туралы ақпаратты құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталынан алуға болады (https://qamqor.gov.kz/check).

2. Қызметтік куәлігін немесе сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.

3. Қажет болған жағдайда, режимдік нысандарға баруға рұқсат қағазын көрсетуге міндетті.

4. Қажет болған жағдайда, медициналық рұқсат қағазын көрсетуге тиісті.

5. Тексеріс барысында алынған құжаттар мен ақпараттардың сақталуына кепілдік беруге міндетті.

6. Тексеру тақырыбына қатысты емес талаптар мен сұраныстар қоюға құқылы емес.

7. Тексеріс парақтарында көрсетілмеген талаптардың орындалуын қадағалай алмайды.

8. Тексеруге жатпайтын құжаттар мен ақпараттарды талап ете алмайды.

9. Өнім үлгілерін тиісті актімен рәсімдеусіз алуға құқылы емес.

10. Алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауға міндетті.

Қорытындылай келе, бұл мақалада тексеру қызметінің жекелеген аспектілері ғана қарастырылғанын атап өткім келеді, сондықтан кәсіпкерлерге келесі нормативтік құжаттарды тереңірек зерделеуді ұсынамыз:

-Меншік нысанына қарамастан бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) профилактикалық бақылау мен тексеруді ұйымдастырудың жалпы ережелері мен тәртібі сипатталған ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 13-тарауын.

-Бақылаушы органдардың және олардың ресми өкілдерінің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) шағымдану қағидалары келтірілетін сол кодекстің 157-бабы мен 29-тарауын.

-Прокурорлық қадағалаудың ерекшеліктері талқыланған “Прокуратура туралы” ҚР Конституциялық заңының 17, 18 және 19-баптарын.

-Прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуына тексеріс жүргізуді, заңдылықты талдауды және күшіне енген актілерді бағалауды регламенттейтін, ҚР Бас Прокурорының 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 32 бұйрығымен бекітілген “Прокурорлық қадағалауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы” ережелерін.

Аталған құжаттармен мұқият танысу кәсіпкерлерге өз мүдделерін қорғауды жақсартуға және бақылау органдарының әрекеттеріне тиімді жауап беруге көмектеседі.

Осы жарияланымды дайындау үшін “ЗАҢГЕР”ақпараттық жүйесінің материалдары пайдаланылды.