Құмар ойын бизнесі: Қонаев қаласында шетелдік инвесторлар тағы екі нысан салуға дайын

72 0

Өңірдегі құмар ойын бизнесін дамыту жоспарлары туралы Алматы облысының әкімі ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді.

Екі нүктеде жаңа нысандар салу жоспарланып отыр. Бірінші жоба бұрынғы «Aladdin» казиносының аумағына жақын жерде жүзеге асырылады. Бұл аумақты араб елдерінен келген кәсіпкерлер сатып алған. Қазіргі таңда мұнда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оның аясында бес жұлдызды қонақүй салынып, кейін оған ойын мекемесі қосылады.

Екінші жоба тікелей қала аумағында іске асырылмақ және қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл нысан әуе көлігі арқылы келетін шетелдік туристерді тартуға бағытталған, – деп хабарлады Марат Сұлтанғазиев.

Аталған екі жобаның жүзеге асырылуы салық түсімдерінің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Облыс әкімі жастар арасында құмар ойынға тәуелділіктің өсуіне қатысты алаңдаушылықтарға да жауап берді.

«Жастар казиноға кіре алмайды, себебі онда фейс-бақылау бар. Тіпті жас адам кіргеннің өзінде, ол көп ақша жұмсай алмайды, өйткені біріншіден, табысын растау талап етіледі, екіншіден, кіру үшін кемінде 500 доллар қажет. Оған кез келген адам кіре алмайды. Казино басшыларымен сөйлескенімде, олар күніне 300–400 адам келетінін айтты. Олардың барлығы – сырттан келген туристер. Қонаев немесе Бурабайдағы казиноларға адамдар тек толық тіркеуден өтіп, қаржылық жағдайы туралы ақпаратты ұсынғаннан кейін ғана кіре алады», – деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев.