Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырушылар шамамен 40 млн теңге айыппұл төледі

75 0

Жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойындарын өткізумен айналысқан 89 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Құмар ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетіне сілтеме жасап.

Аталған фактілер мониторинг жүргізу барысында, сондай-ақ Комитетке келіп түскен жеке тұлғалардың өтініштері негізінде анықталған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 40 миллион теңгені құрады. Құқық бұзушыларға тиісті хабарламалар жолданып, онлайн және офлайн форматта түсіндіру кездесулері өткізілді. Әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын ұйымдастырған аккаунттардың тізімі Министрліктің ресми сайтында жарияланған.

Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6 және 7-тармақтарына сәйкес, лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуі жеке тұлғаларға 100 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (ЖК) 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде лотереяны қайта өткізу жеке тұлғаларға 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (ЖК) 750 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға және әкімшілік құқық бұзушылық нәтижесінде алынған кірістерді тәркілеуге алып келеді.

Бұған дейін Kazinform агенттігінің тілшісі құмар ойын бизнесі саласындағы қаржылық тәуекелдерге, құқықтық шектеулерге және мемлекеттік бақылау тетіктеріне қатысты талдау ұсынған болатын.