ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА БАС ЖОСПАРЫ ІСКЕ АСЫРЫЛҒАН ЖАҒДАЙДА КАЗИНОЛАР ҚАЛА МА?

34 0

Қонаев қаласының тұрғындарынан редакциямызға ойын аймағының тағдыры қандай болатыны және жаңа қаланың бас жоспарында оған орын қарастырылған ба деген сұрақтар жиі түсіп жатады. Бұл алаңдаушылық орынды, өйткені аталған салада жергілікті халықтың өте көп бөлігі еңбек етеді.

Осы сұрақтарға жауап табу мақсатында біздің журналист Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматайұлы Құматаевпен кездесті. Әкім QAPINFO журналисіне қазіргі уақытта қаланың ойын аймағында тек казинолар, слот-залдар және букмекерлік кеңселер шоғырланғанын, оларды көшіру мәселесі қарастырылмайтынын айтты.

«Ойын аймағы бұрынғы орнында қалады. Ешкім ойын мекемелеріне тиіспейді – қалай жұмыс істеп келсе, солай жұмысын жалғастыра береді. Сонымен қатар, ойын аймағы кеңейтілетін болады. Өйткені ол жерде тек құмар ойын әуесқойларына арналған орындар ғана емес, сонымен қатар ойын-сауық кешендері, кинотеатрлар да болуы тиіс, онда ересектер де, балалар да уақыттарын тиімді өткізе алады.

Бұл мәселеге шынайы қарайық: бүгінде қаладағы 5 казино, 6 букмекерлік кеңсе және 4 слот-клубта шамамен 4 мың жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Бұдан бөлек, оларға біздің шағын және орта кәсіпорындар ілеспе қызметтер көрсетеді. Яғни, ойын мекемелерінің қызметіне жалпы саны 7 500 адам тікелей немесе жанама түрде тәуелді. Казинолар мультипликативтік әсер береді. Сондықтан олар бұрын қалай жұмыс істесе, солай жұмысын жалғастырады деп ойлаймын. Алаңдауға негіз жоқ», – деді Нұрлан Құматаев.

Жалпы алғанда, бас жоспарды әзірлеу барысында билік өкілдерінің жергілікті халықтың мүддесі мен қажеттіліктерін ескеріп отырғаны қуантады. Сонымен қатар, жақын болашақта Қонаев қаласында ойын аймағын дамыту есебінен тағы бірнеше мың, тіпті ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады деп үміттенеміз.