Қаламыздың игорлық бизнес нысандарында жұмыс істейтін бірнеше мың тұрғыны екі аптаға жуық уақыт бойы еңбек ету мүмкіндігінен айырылды.
Қапшағайдағы игорлық мекемелердің қызметін уақытша тоқтатуы бірқатар объективті себептерге байланысты болды. Атап айтқанда: интернет желісіндегі іркілістер, азаматтардың қалалар мен өңірлер арасында қозғалуына қойылған шектеулер, қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттілігі, коменданттық сағаттың енгізілуі, өңірде контртеррористік операцияның жүргізілуі және басқа да факторлар.
Алайда соңғы күндері жағдай біртіндеп тұрақтала бастады, осыған байланысты бірқатар казино өз қызметін қайта бастауға дайын екендігін жариялады. Бұл жаңалық аталған мекемелердің қызметкерлері үшін жағымды хабар болды.
Бұған дейін Қапшағайдағы барлық игорлық мекемелердің «Ashyq» жобасына қатысатыны, казино мен ойын залдарының персоналы вакцинациядан өткендігі және санитарлық талаптардың қатаң сақталатыны хабарланған болатын. Қапшағайдағы ахуал тұрақты және құқық қорғау органдарының толық бақылауында.
Жуырда Алматы облысы коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «сары» аймаққа өтті, осыған байланысты өңір аумағында бірқатар карантиндік шектеулер енгізілді. Бұл туралы Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А. Чарапиевтің 2022 жылғы 14 қаңтардағы №1 «Алматы облысының аумағында карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысында көрсетілген. Аталған қаулы 2022 жылғы 17 қаңтардан бастап күшіне енді.
Қаулыға сәйкес, күшейтілген карантиндік шектеулер тек «Ashyq» жобасына қатыспайтын игорлық мекемелерге қолданылады. Біздегі мәліметтерге сүйенсек, Қапшағайда мұндай мекемелер жоқ, сондықтан жергілікті казино қонақтарды қабылдай алады.
Сонымен қатар, казино мекемелері коменданттық сағат кезеңінде уақытша жабылатын болады. Дегенмен, Қазақстан аумағындағы жағдай алдағы уақытта толықтай тұрақталып, азаматтар бұрынғыдай ел ішінде еркін жүріп-тұрып, қалыпты режимде жұмыс істеуге мүмкіндік алады деген үміт бар.