ҚАПШАҒАЙДАН КАЗИНОЛАРДЫ КӨШІРУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ

18 0

Қазақстан Үкіметі әзірге Алматы облысының жаңа әкімшілік орталығы болып отырған Қапшағай қаласынан игорлық аймақты көшіруді жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы дүйсенбі күні Sputnik Қазақстан порталы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Журналистердің Қапшағайда орналасқан игорлық аймақтың болашағына қатысты жолдаған сауалына жауап берген министрлік өкілдері қазіргі таңда игорлық аймақтың орналасуын өзгерту мәселесі қарастырылып отырмағанын мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта Алматы облысындағы игорлық аймақтың локациясын өзгерту мәселесі Үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоқ», — деп келтіреді агенттік министрліктің ресми мәлімдемесін.

Сонымен қатар, ведомствода игорлық мекемелерді орналастыруға арналған аумақтардың шекарасы жергілікті атқарушы органдар тарапынан Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен келісу арқылы айқындалатыны нақтыланды.

Еске сала кетейік, Қазақстан халқына жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысын екі өңірге бөлу туралы ұсыныс білдірген болатын. Президенттің пікірінше, өңірді Алматы және Жетісу облыстары болып бөлу қажет.

Алматы облысының әкімшілік орталығы ретінде Қапшағай қаласы белгіленуі тиіс.