2007 жылы елімізде Қапшағай қаласында «қазақстандық Лас-Вегас» салу жобасы іске қосылды. Сол жылдары Қапшағай өңірін дамыту Үкіметтің күн тәртібінде тұрған болатын. Алайда уақыт өте келе шынайы жағдай қандай?
«Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, Қапшағай қаласына бірнеше ондаған казино мен слот-залдар көшірілді. Кейіннен ойын-сауық қаласы арқылы өтетін ақылы автожол салынды.
Ал қазір не болып жатыр? Бүгінде қаламызды Қазақстандағы Лас-Вегастың баламасы деп атау барған сайын қиындап барады. Қазіргі таңда небәрі 8 ойын мекемесі ғана жұмыс істейді, ал олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін еді. Неліктен бұлай болды? Себебі қарапайым — мемлекет ойын бизнесі жобасын дамытуға және жүзеге асыруға көмектеспек түгілі, кейбір мемлекеттік қызметшілер бұл салада жұмыс істеуге түрлі кедергілер келтіреді.
Бұл — 2021 жылы Қапшағайдағы 8 ойын бизнесі нысаны мемлекеттік бюджетке 10,8 миллиард теңгеден астам салық аударғанына қарамастан орын алып отыр. Мысалы, бұл қаражатқа әрқайсысы кемінде 900 орындық 4 мектеп және 100 орындық бір шағын жинақты мектеп салуға болар еді. Яғни, жалпы 3700 оқушы орны құрылатын еді.
Сонымен қатар казино мен слот-залдар мыңдаған қапшағайлықты жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанын атап өткен жөн.
Егер біздің казинолардың дамуына кедергі келтірілмегенде, бір ғана мекеме әлдеқайда көп қызметкер ұстап, жоғары жалақы төлей алар еді, әрі бюджетке миллиондаған салық түсірер еді. Ал қазіргі жағдайда кәсіпкерлер казиноны ұстап тұру мен дамытудағы қиындықтардан шаршап, шетелге көшіп, бизнестерін сонда ашып жатыр.
Сіздің ойыңызша, неге болашағынан үміт күттірген «қазақстандық Лас-Вегас» жобасы тоқырауға ұшырады? Неліктен кейбір шенеуніктер тарапынан казино иелеріне үнемі кедергілер жасалады? Мүмкін, Қапшағай мұндай жобаларға лайық болмаған шығар. Ал қазіргі облыс орталығы Қапшағай-Қонаев қаншалықты лайық — оны уақыт көрсетеді…