2022 жылғы 18 тамызда Мәдениет және спорт министрі Даурен Абаевтың Алматы облысының тұрғындарымен кездесуінде QAPINFO агенттігінің журналисі ойын бизнесі саласына мемлекеттік реттеу жүргізетін орган ретінде министрлік Қонаев қаласындағы ойын орындарын шетелдік туристерді тарту мақсатында қолдауды жоспарлай ма деген сұрақ қойды.
«Жалпы алғанда, ойын бизнесі өздігінен жеткілікті деңгейде дамып келе жатқан сала деп ойлаймын. Ойын бизнесіне қосымша субсидиялар қажет емес. Олар жұмыс істей берсін, сол жеткілікті. Ең бастысы – ойын мекемелері салықтарын төлеп, барлық талаптарды сақтаса, онда ешқандай мәселе туындамайды. Кейбір салалар қолдауды қажет етеді, ал кейбіреулеріне ол қажет емес. Қонаев қаласындағы ойын бизнесі, меніңше, жыл сайын мемлекеттік бюджетке 84–85 млрд теңге шамасында түсім әкеледі. Бұл салада шамамен 3500 адам жұмыс істейді. Яғни, бұл – ауқымды сала», – деді Даурен Абаев.
Еске сала кетейік, 15 жыл бұрын Қазақстанда әртүрлі форматтағы және ауқымдағы 140-тан астам ойын мекемесі тіркелген болса, бүгінде олардың саны небәрі 9 ғана. Министрдің сөзінше, мемлекетке миллиардтаған салық түсімдерін әкелетін бұл саланы қолдаудың қажеті жоқ, ол өздігінен жұмыс істей алады. Алайда 2007 жылдан бері ойын бизнесі субъектілерінің 93%-ы нарықта сақталып қала алмағанын да байқауға болады.
Соңғы жылдары Қазақстанда заңсыз ойын орындарының саны да артқаны байқалады, оларды уәкілетті органдар анықтап жатыр. Бұл жағдай заңды ойын бизнесін жүргізуге жеткілікті жағдайлардың болмауымен байланысты емес пе деген сұрақ туындайды.
Алдағы уақытта министрлік бұл саладағы заңды ойын орындарының қысқару фактісіне, сондай-ақ заңсыз казино санының артуына назар аударып, қазақстандық ойын бизнесін дамытуға бағытталған кешенді шаралар әзірлейді деген үміт бар. Ең бастысы – Қазақстанның ойын аймақтарына шетелдік туристерді тартудың тиімді жолдарын табу.