«EGOV MOBILE» ҚОСЫМШАСЫНДАҒЫ ЖАҢА ФУНКЦИЯ АРҚЫЛЫ ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫНАН БАС ТАРТУ ОДАН ӘРІ ЖЕҢІЛДЕДІ

6 0

«eGov mobile» мобильді қосымшасында қазақстандықтарға құмар ойындар мен ставкалардан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін жаңа функция іске қосылды. Қызмет 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өзін-өзі шектеу мүмкіндігін ұсынады, деп түсіндірді ҚР Туризм және спорт министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі, сондай-ақ «Казино операторларының ұлттық қауымдастығы» ЗТБ ресми өкілі Артём Тимошенко.

«Бұл бастама құмар ойындарға тәуелділікпен күресті жеңілдетуге, өзін-өзі шектеу тізіміне енгізу процесін жеделдетуге және ел бойынша лицензияланған ойынханаларға кіруді бұғаттайтын құралға лезде қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұрын өзін-өзі шектеу үшін ойынханаға жеке барып, өтініш беру қажет болатын, бұл көп уақытты алып, қосымша күш талап ететін. Жаңа жүйе бұл үрдісті едәуір жеңілдетеді», – деді Артём Тимошенко.

Сондай-ақ ол жеке деректерді қорғаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, заңнамалық шаралар құмар ойындарға қатысуын шектеуді көздеген азаматтар туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді, үшінші тұлғалардың оған қол жеткізуіне жол бермейді және шектеу мәртебесін тек ойын ұйымдарының жеке сұрауы арқылы ғана тексеруге мүмкіндік береді.

Жалпы қорытынды бұл бастаманың ойынға тәуелділік тәуекелдерін азайтуға арналған тиімді құрал ретінде ойластырылғанын көрсетеді. Алайда, жаңа жүйенің интернетте жұмыс істейтін онлайн-казино мен букмекерлік кеңселердің пайдаланушыларын қалай қамтитыны әлі де белгісіз. Онлайн-платформалар құмар ойындарға шектеулерді қалай қамтамасыз етеді деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

Маңыздысы — лудомания проблемасының түп-төркіні заңсыз ойын бизнесінде жатыр, оған онлайн-казино мен интернет арқылы ставкалар қабылдайтын заңсыз букмекерлік кеңселер кіреді. Жаңашылдықтар бұл негізгі себепті қалай жоя алатыны да анық емес. Қазіргі таңда жалғыз тиімді стратегия — бақылауға алынған заңды ойын индустриясын дамыту және нығайту болып отыр.