Қазақстандағы заңды оффлайн казинолар мен ойын автоматтары залдары бірінен соң бірі жабылып жатқанда, заңсыз онлайн ойын бизнесі тез қарқын алуда. Егер бұрын мұндай схемалар көлеңкелі сайттармен байланысты болса, бүгінде құмар ойындар әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде өткізіліп жатыр.
Мәселен, Алматы қаласы бойынша қаржы мониторингі агенттігінің департаменті TikTok-та тікелей эфир арқылы құмар ойындар ұйымдастырған екі тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қатысушылардың банктік қосымшалар арқылы ақша аударғаны анықталған, ал құқыққа қарсы қызметтен түскен жалпы табыс 10,5 млн теңгені құраған. Сот оларды кінәлі деп тауып: біреуіне 1,5 жыл, екіншісіне 2,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Осыған ұқсас жағдай Ақтауда тіркелген, 850 мыңнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыптылар Instagram, TikTok және Telegram-да онлайн-лотереялар өткізген. Лицензиясы болмаса да олар автокөліктер, пәтерлер және басқа да бағалы сыйлықтардың ұтыс ойындарын ұйымдастырған. Бұл ұтыс ойындарына 1800-ден астам адам қатысып, заңсыз әрекеттерден түскен кіріс 162 миллион теңгеден асқан.
Аталған резонанстық жағдайлар Қазақстандағы заңды ойын бизнесінің тез құлдырауы аясында орын алуда. Нақты мысалдар осы сөзімізді растайды: биылғы жылдың сәуір айында Қонаев қаласында 15 жылдан астам жұмыс істеген «Торнадо» ойын автоматтарының шағын залы жабылды. Мамыр айында тағы бір танымал нысан — «Zolotoe Runo» ойынханасы өз жұмысын тоқтатты. Екі нысан да ұзақ жылдар бойы заң аясында жұмыс істеп келді, бірақ салық жүктемесінің артуы, мемлекет тарапынан жүйелі қолдаудың болмауы және бақылаушы органдар талаптарының қатаңдатылуына төтеп бере алмады.
Айта кету керек — заңды ойынханалар мемлекет тарапынан нақты бақылауға алына алады. Бұл салада ойыншылар үшін өзін-өзі шектеу тетіктері, борышкерлер мен мемлекеттік қызметшілерге арналған шектеулер қолданылады, қаржы ағындарының ашықтығы және бюджетке салықтардың тұрақты түсуі қамтамасыз етіледі. Дегенмен, құқықтық, реттелетін сегментті дамыту бойынша ойластырылған және дәйекті саясат болмағандықтан, оның орнын заңсыз онлайн секторы көбірек басуда. Тыйым салынған онлайн-казинолар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі құмар ойындар – мұның бәрі мемлекет тарапынан бақылаусыз және қоғамға қауіпті параллельді көлеңкелі индустрияны қалыптастырады.
Егер мемлекет заңды ойын бизнесін реттеу мен дамыту тәсілдерін қайта қарауды бастамаса, біз ойын бизнесінің не ойыншылардың қорғанысы жоқ, не қадағалау жоқ, не салықтары жоқ көлеңкелі салаға толығымен көшуіне тап боламыз. Бұл жағдай шұғыл назар аударуды және осы сезімтал саланың тәртібі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудегі заң секторының рөлін стратегиялық тұрғыдан қайта қарауды талап етеді.