Кіргізбеу керек! Үкіметте құмар ойын бизнесін дамытуға қарсы шығып отыр

36 0

Қазақстанда құмар ойын бизнесінің жарнамасын айтарлықтай шектеу ниеті өте байыпты екені байқалады. Бұл мәселені депутаттардан кейін салалық ведомствоның басшысы — Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та көтерді. Министрдің құмар ойын бизнесін дамытуға қызығушылық танытпауын белгілі бір дәрежеде түсінуге болар, алайда әлеуетті ойыншылардың, сондай-ақ бірнеше мыңдаған қызметкер мен инвестордың тағдырына бейжай қарау — жауапсыздық.

«Жарнама билбордтары көшелерді басып кетті. Оңай ұтыс уәде ететін роликтер прайм-таймда көрсетілуде. Біз құмар ойын бизнесінің агрессивті жарнамасын тоқтатуымыз керек», — деді министр 13 шілдеде ведомствосының аппараттық кеңесінде.

Ол басшылық мәнерде «қысқа мерзімде азарт ойындарының жарнамасына қарсы күрес бойынша қажетті шараларды қабылдауды» тапсырды және «бұл мәселеде біз үшін бедел жоқ» екенін атап өтті. Алайда министр нақты қандай шаралар қабылданатынын айтпады.

Министрлік деңгейіндегі бұл қатаң үндеуден кейін не болуы мүмкін? Бәлкім, заңды құмар ойын бизнесінің интернет пен теледидардағы жарнамасына толық тыйым салу, сондай-ақ билбордтарды жою. Бұл ретте Қонаевтағы казинолардың жарнамасы онсыз да мардымсыз, ал жарнама кеңістігінің басым бөлігі казино емес, букмекерлік кеңселерге тиесілі екенін ескерген жөн. Министрдің «бұл істе бедел жоқ» деген сөзі де алаңдатады: яғни, қажет болған жағдайда, халықаралық тәжірибені елемеуге дайынбыз дегенді білдіруі мүмкін.

Ал халықаралық тәжірибе тыйым салудың қауіпті екенін көрсетеді.

Мәселен, құмар ойын жарнамасы едәуір шектелген Грузияда заңсыз ойын орындары жандана түсті. Бұл бюджет шығындарына ғана емес, қоғам үшін қатерлердің артуына да алып келді. Заңсыз мекемелерде, сондай-ақ түрлі онлайн-казиноларда ойыншылар үшін ешқандай кепілдік жоқ: ұтыс төленбеген жағдайда, өз құқығыңызды дәлелдеу мүмкін емес. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандар да ата-анасының құжаттарымен тіркеліп, еш кедергісіз ойнай алады. Басқаша айтқанда, заңды отандық ойын орындарының жарнамасын көрмей, олар туралы толық ақпарат алмаған ойыншылар айқын тәуекелдері бар «офшорлық» ойын сайттарына бет бұрады.