КӨБІРЕК АЙМАҚ — ЖАҚСЫСЫ ДА, ӘРТҮРЛІСІ ДЕ

31 0

Экономикада өндірісті арттырудың екі жолы бар: интенсивті және экстенсивті. Интенсивті жол қолда бар қуаттарды жетілдіруді көздесе, экстенсивті жол — өндірістік қуаттарды ұлғайтуды білдіреді. Осы қағидаларды игорлық бизнеске қолдансақ, Қазақстанда бір кездері саладан түсетін табысты оны басқаруды жетілдіру арқылы емес, жаңа аймақтар құру арқылы арттыру жоспарланғаны белгілі.

Осылайша, 2019 жылы Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне игорлық бизнес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Аталған жоба жаңа аймақтар құрып, онда казино салуға және пайдалануға рұқсат беруді көздеді. Атап айтқанда, игорлық мекемелерді келесі аумақтарда салу жоспарланған болатын:

  • Алматы облысы Талғар ауданының Алатау ауылдық округінде;
  • Алматы облысы Панфилов ауданының Пиджим ауылдық округінде;
  • Маңғыстау облысында, Каспий теңізінің жағалауындағы, туристификация картасының топ-10 аймағына кіретін жағажай курорттық аймақта.

Нақты аумақтарды айқындау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілмек болды.

Сондай-ақ халықаралық әуежайлардың стерильді (транзиттік) аймақтарында казино ашу мәселесі де көтерілді.

Алайда сол кезеңнің өзінде нарық қатысушылары мен салалық сарапшылар мұндай тәсіл күткен нәтижені бермейтінін мәлімдеді. Жаңа аумақтарға қажеттілік тек сол салаға инвестиция салуға ниеттілер болған жағдайда ғана туындайды. Ал Қазақстанның «игоркасына» инвесторлар кезегі ол кезде де болған жоқ, қазір де байқалмайды. Шынында да, қолданыстағы салық жүйесінің тиімсіздігіне байланысты Қазақстанды, әсіресе шетелдік инвесторлар үшін, тартымды ел деп атау қиын. Мұндағы қолайсыздық — игорлық бизнеске салынатын салықтың айналымға тәуелді болмауында: салық кезеңі шығынды болып шықса да, операторлар белгіленген тұрақты соманы төлеуге міндетті.

Сірә, осы себептен жаңа аймақтар құру жөніндегі жоспарлар да жүзеге аспай қалған болар. Салықтық жеңілдіктер режимін енгізбей тұрып, он аймақ құрсаң да — мәні өзгермейді.

Ал осы салаға жауапты тұлғалар бұл жөнінде не ойлайды екен?.