Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз құмар ойын қызметін тоқтату бағытындағы белсенді жұмысын жалғастыруда

72 0

Қабылданған шаралардың нәтижесінде ақша қаражаттары төлем ұйымдары арқылы өтіп, заңды операциялар ретінде жасырылып, онлайн-казинолардың пайдасына шығарылған трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасы әшкереленді.

Еске саламыз, Қазақстан Республикасының аумағында онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынған.

Бұл платформалар салық төлемейді, клиенттерді сәйкестендіруді жүргізбейді, балалар мен жастарды белсенді түрде тартады, сондай-ақ халықтың моральдық және психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіреді.

Аталған схеманы іске асыру үшін финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған шарттар негізінде алынған «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID-лерді пайдаланған.

Бүгінгі таңда анықталған заңсыз операциялардың көлемі 600 млрд теңгеден асты.

Қылмыстық қызметке 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары тартылған.

Сонымен қатар, төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталықтың қызметі жойылды.

Оның заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтары қатарынан 120 адамтартылған.

Бұдан бөлек, Call-орталықты ұйымдастырушылар криптовалюта арқылы қаражатты қабылдау және шығару жүзеге асырылған гемблингтік серіктестік бағдарламасын құрған.

Аталған бағдарламаның айналымы 200 млн USDT-ден асты.

Жүргізілген іс-шаралар барысында 70-тен астам тінту жүргізіліп, олардың нәтижесінде заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Сот санкциясымен тоғыз фигурантқа қатысты, олардың ішінде «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі де бар, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазіргі уақытта шетел азаматтары да бар тағы сегіз адамды халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалуда.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Агенттік жеке және заңды тұлғаларды заңсыз құмар ойындарды ілгерілетуге қатысудың жол берілмейтіні туралы тағы да қатаң түрде ескертеді.

Онлайн-казино қызметі заңды бұзып қана қоймай, лудоманияның (құмар ойынға тәуелділіктің) таралуына ықпал етеді.

Осыған байланысты, заңсыз құмар ойындарға кез келген түрде жәрдемдесу қылмыстық қызметті ұйымдастыруға көмектесу ретінде сараланып, міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеп соғады.