ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰМАР ОЙЫН БИЗНЕСІ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ

32 0

1-бөлім

Қазақстанда құмар ойын бизнесі 1992 жылы бастау алды. Сол жылы Алматы қаласында, «Отырар» қонақүйіне жапсарлас ғимаратта қазақстандық-америкалық бірлескен кәсіпорын елдегі алғашқы «Мираж» казиносын («The Mirage Casino») ашты. Қазіргі таңда бұл казино ешкімді таңғалдырмас еді, алайда 1990-жылдардың басында аталған ойын орны қазақстандықтарға үлкен әсер қалдырған.

Бұл валютада жұмыс істейтін казино тек түнгі уақытта — сағат 21:00-ден 04:00-ге дейін қызмет көрсетті. Онда бар болғаны 3 блэкджек үстелі, 1 америкалық рулетка және 4 ойын автоматы ғана болды.

Күн сайын «Мираж» казиносы ашылардан бірнеше сағат бұрын оның кіреберісінде ұзын-сонар кезек жиналатын. Алайда жалғыз ойын залы адамға толған соң, казино есігі жабылатын. Кіру құны 10 АҚШ долларын құрады, бұл 1993 жылғы бағам бойынша 53 теңгеге тең еді. Ал касса арқылы төленетін ұтыстың ең жоғары сомасы 400 АҚШ долларымен шектелген болатын. «Мираж» казиносы Алматы қаласының аумағында 2006 жылы құмар ойындарға тыйым салынғанға дейін жұмыс істеді.

Екінші валютада жұмыс істейтін казино — «Olympos» — 1992 жылдың соңында Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде Оңтүстік Кореядан келген кәсіпкерлер тарапынан ашылды.

Ал теңгемен жұмыс істейтін казинолар Қазақстанда тек 1993 жылдан бастап пайда бола бастады. Алғашында мұндай казинолар Алматы қаласында ашылды: «Табыс», «Хан-Тәңірі», МБК, «Айна», «Бей-Барс», «Шаған», «Пирамида» және басқалары. Көп ұзамай алғашқы ойын мекемелері еліміздің басқа қалаларында да ашыла бастады: Астана, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Орал, Ақтау, Жаркент және өзге де қалаларда.