Қазақстанда жаңа ойын аймақтары жыл сайын 2–3 млрд теңге салық түсімін қамтамасыз етеді — Туризм министрлігі

57 0

Туризмді дамыту мақсатында еліміздің бірқатар өңірлерінде ойын аймақтарын құруға қатысты түзетулер қабылданды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Атап айтқанда, Каспий теңізінің жағалауы және басқа да өңірлер қарастырылып отыр. Бұл ретте ойын нысандары орналасатын нақты жер телімдерін жергілікті атқарушы органдар айқындайды.

— Біз аймақтарды белгілейміз, алайда жағалауда нақты қай жерде ашылатынын жергілікті атқарушы орган шешеді. Бұл инфрақұрылымның дамуына және басқа да факторларға байланысты, — деді министр Үкіметтегі брифингте.

Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, әрбір жаңа казино мемлекеттік бюджетке елеулі көлемде салық түсімін қамтамасыз етеді.

— Әрбір жаңа казино жылына 2–3 млрд теңге көлемінде салық төлеп, шамамен 500 жұмыс орнын ашады. Туризмді дамыту мақсатында бұл — халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын тәсіл, — деді министр.

Сонымен қатар ол казино саласына салық мөлшерлемелерін төмендету немесе жеңілдіктер қарастырылмайтынын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары туризм саласын және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдаған болатын.