Бұған дейін бірқатар БАҚ-тарда Қазақстанда заңсыз ойын бизнесіне қарсы әрекеттер және құмарпаздықпен күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатқаны хабарланған болатын. Біздің редакция алған ақпаратқа сәйкес, бұл жоспар көпжылдық болып табылады және ол 2024-2026 жылдарға арналған.
Алынған деректерге сүйенсек 2023 жылдың 28 желтоқсанындағы жағдай бойынша, жұмыстық жобаға құмарпаздыққа тәуелділікті зерттеуге, алдын алуға және емдеуге бағытталған 39 іс-шара кірген. Негізгі бағыттардың бірі болып табылатын ауқымды республикалық әлеуметтік зерттеулерге республикалық бюджеттен 360 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жоспарға: жастар арасындағы құмарпаздықпен, компьютерлік ойындарға тәуелділіктің клиникалық және әлеуметтік-эпидемиологиялық аспектілерін зерттеу, медициналық және психологиялық мамандарды оқыту, сонымен қатар білім беру мекемелерінде алдын алу жүйесін құру кіреді. Құмарпаздықты емдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды, оның ішінде азаматтарды емдеуге арнайы квота бөлу қарастырылған.
ҚР Туризм және спорт министрлігі аясында өтетін зерттеу — құмарпаздықтың себептері мен көлемін анықтауды көздейді.
Сондай-ақ, ойынға тәуелділіктен зардап шегетін азаматтарға кеңес беру үшін сайт пен сенім телефонын іске қосу, әлеуметтік бейнелер мен құмарпаздықтың зияны туралы деректі фильмдер түсіруді қоса алғанда, білім беру жобаларын іске асыру көзделеді.
Онлайн-казиноларды автоматтандырылған тәсілмен іздеу және бұғаттау үшін жасанды интеллект бағдарламасын әзірлеуге арналған халықаралық конкурсты ұйымдастыру иновациялық қадам болады.
Ұсынылған жоспарды іске асыру республикалық бюджеттен болсын, бюджеттен тыс болса да қомақты қаражат салымдарын тартуды талап етеді. Бұл қадам мемлекеттің құмарпаздық кеселіне байыпты көзқарасын және заңсыз ойын бизнесімен күресіп қана қоймай, тәуелділікке тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге ниетін білдіреді.
Құрылған жоспар тек бекітіліп қана қоймай, сәтті жүзеге асырылып, елімізде қоғамдық денсаулық пен әл-ауқатты жақсартуға елеулі үлес қосады деп үміттенеміз.