Тоқаевқа Қазақстанда 11 жерасты казиносы жойылғаны туралы баяндалды

38 0

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов 2023 жылғы 27 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қаржылық мониторинг агенттігінің ФАТФ стандарттарына (ақшаны жылыстатуға қарсы қаржылық шараларды әзірлеу тобы) сәйкестік бойынша өзара бағалаудан сәтті өткені туралы баяндады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Элиманов Қазақстанның ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі Азия–Тынық мұхиты тобына бақылаушы мәртебесін алғанын жеткізді. Сонымен қатар Үкіметтің 2023–2025 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспары бекітілгенін айтты.

Агенттіктің қызметі нәтижесінде:

– жыл басынан бері келтірілген залал өтеліп, 94 млрд теңге көлеміндегі активтер қайтарылды, 5 қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды (тағы 3 іс өндірісте қаралуда);
– азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында суррогат алкоголь өндіретін 12 цехтың жұмысы тоқтатылды, сондай-ақ 5,3 млрд теңгеге электронды темекілердің елге әкелінуіне жол берілмеді;
– заңсыз құмар ойын бизнесіне қарсы күрес аясында 11 жерасты казиносы мен 2 букмекерлік кеңсенің қызметі жойылды;
– азаматтардың алаяқтық схемаларға тартылуына жол бермеу үшін 22 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, салымшыларға 1,9 млрд теңге көлемінде залал өтелді, 5,3 мыңнан астам сайт пен аккаунт бұғатталды;
– 14 облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 14 түрі бойынша баға төмендетілді.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы бизнесті қорғауға, сондай-ақ капиталдың заңсыз шетелге шығарылуына және ұлттық жобаларға бөлінген бюджет қаражатын жымқыруға жол бермеуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.