Түркиядағы ірі футбол жанжалы: мыңнан астам ойыншы бәс тіккені үшін шеттетілді

78 0

Түркияда ұлттық футбол тарихындағы ең ірі жанжалдардың бірі өршіп келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркия футбол федерациясы (TFF) матчтарға заңсыз бәс тіккен деген күдікпен елдегі барлық дивизиондардан 1024 ойыншыны уақытша жарыстардан шеттетті. Тергеу аясында 152 төреші, ондаған функционер мен клуб президенттері де тексерілуде. Ауқымды операциялар бірден 12 қалада, соның ішінде Ыстамбұл, Анкара және Измир қалаларында жүргізілуде.

Anadolu ajansı агенттігінің хабарлауынша, Суперлигада 27 ойыншы зардап шеккен. Олардың қатарында Galatasaray (Эрен Элмалы, Метехан Балтаджы), Beşiktaş (Неджип Уйсал, Эрсин Дестаноолу), Trabzonspor(Боран Башкан, Салих Малкоочоглу), Antalyaspor және басқа да клубтардың футболшылары бар.

Ең ауыр шығын төменгі лигаларға тиесілі болды: үшінші дивизионнан 629 ойыншы, екінші дивизионнан 282 ойыншы уақытша ойнау құқығынан айырылды. Соның салдарынан бұл лигалардағы чемпионаттар екі аптаға тоқтатылды — құрам жетіспейді. TFF маусымның үзілуіне жол бермеу үшін клубтарға жаңа ойыншыларды тіркеуге мүмкіндік беру мақсатында FIFA-мен шұғыл трансферлік терезе ашу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Төрешілердің букмекерлік кеңселерде аккаунттары болған

Тергеу барысында төрешілерге ерекше назар аударылуда. TFF деректеріне сәйкес, төрешілердің 65%-ыныңбукмекерлік кеңселерде аккаунттары болған. Тергеушілердің мәліметінше, төрешілердің біреуі 18 мыңнан астам бәс тіккен, тағы 42 төреші әрқайсысы мыңнан астам бәс жасаған. Нәтижесінде 152 төреші шеттетілді, 17 адам ұсталды, 8 адам қамауға алынды, олардың ішінде үш қызмет атқарып жүрген төреші бар.

Қылмыстық тергеу аясында 21 қамауға алу ордері берілді. Күдіктілер қатарында төрешілер, клуб президенттері мен менеджерлер бар. Тергеу органдары бәс тігулер Албанияда, Болгарияда және Солтүстік Кипрде жұмыс істейтін заңсыз платформалар арқылы жасалған деп күдіктенуде. Тергеуге Интерпол да тартылған. Күдікті қаржылық операциялардың жалпы көлемі 10 млн лирадан (шамамен 240 мың АҚШ доллары) асады.

Жанжалдың ауқымдылығына қарамастан, Суперлига мен Бірінші лигадағы матчтар жалғасып жатыр. Клубтар тергеудің ашық жүргізілуін және ресми шешім шыққанға дейін кінәсіздік презумпциясының сақталуын талап етуде. TFF UEFA және FIFA сарапшыларының қатысуымен шұғыл кеңес өткізіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды әзірлеуді және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеуді көздеп отыр.

Бұған дейін Түркияда өткен қарапайым бір футбол матчының «кесарь тілігі ме, әлде табиғи босану ма?» тақырыбындағы қоғамдық пікірталасқа себеп болғаны туралы жазған едік.