ҰТТЫҢ БА — ҚУАНЫШЫҢДЫ МЕМЛЕКЕТПЕН БӨЛІС

37 0

Құмар ойындар заңдастырылған елдерде казинодағы ұтысқа салық салу қажет пе деген мәселе төңірегінде түрлі көзқарастар бар. Яғни, егер ойыншы белгілі бір сомада ұтысқа ие болса, ол осы қаражаттан жеке табыс салығын төлеуі тиіс пе? Кейбір юрисдикцияларда ойыншыларға ұтысты толық көлемде қалдыру тәжірибесі қолданылады.

Мұндай елдердің қатарына, мысалы, Австрия, Финляндия, Австралия, Болгария, Чехия, Дания, Бельгия, Германия, Мальта және басқа да бірқатар мемлекеттер жатады. Бізге көршілес Ресейде де казинодан «жеңіл ақша» толық көлемде алып шығатындар бар — олар шетел азаматтары. Ресей аумағындағы казинолар мен ойын автоматтары залдарында шетелдіктер ұтып алған қаражат табыс ретінде танылмайды, тиісінше, оған салық салынбайды. Ал Ресей азаматтарына бұл тұрғыда жолы бола бермейді: олардың ұтысы 13% мөлшерінде салыққа тартылады.

Біз Канаданы бірнеше рет әрі операторлар, әрі ойыншылар үшін нағыз «жұмақ» ретінде атап өткенбіз. Ұтысты салықтандыру мәселесінде де Канада ең әділ тәсілді ұстанатын елдердің бірі болып саналады: мұнда салық тек «кәсіби» ойыншылардан ғана алынады, яғни казино ойынын негізгі табыс көзі ретінде пайдаланатын тұлғалардан. Ұтыстан түсетін табыстың жалақы немесе кәсіпкерлік табыстан айырмашылығы үш белгімен айқындалады:

  • арнайы дағдылардың болуы;
  • төлемдердің тұрақты түрде түсуі;
  • болашақта да табыс түсетініне деген күтілім.

Қазақстанда мүлде өзге тәсіл қолданылады: құмар ойындардағы ұтыс жеке тұлғаның табысы болып есептеледі және салық салуға жатады. Бұл ретте шетелдік ойыншыларға Қазақстанда екі есе «сәтсіздік» бұйырған: егер Қазақстан Республикасының резиденттері ұтыстан 10% салық төлесе, бейрезиденттер үшін бұл мөлшерлеме екі есе жоғары — 20%. Осындай «адалдығы аз» елміз. Дегенмен, ойыншыға салық органдарымен тікелей байланысқа шығудың қажеті жоқ: жеке табыс салығын казиноның өзі ұстап қалады, ал нәтижесінде ойыншы ұтыстың 10%-ын (немесе шетелдік болса — 20%-ын) кем алады. Сонымен қатар, заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес, салық салу базасы ретінде таза ұтыс — яғни, тігілген соманы шегергеннен кейінгі айырма есепке алынады.

Алайда осындай жағдайдың өзінде, яғни игорлық бизнеске «қосарланған» салық салынғанына қарамастан (салықты тек операторлар ғана емес, ұтып алған ойыншылар да төлейді), мемлекет казино саласын болашағы жоқ бағыт ретінде қарастырады. Бұл — нағыз парадокс.