ALL INCLUSIVE: ҚАЗАҚСТАНДА ДЖАНКЕТ-ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ БОЛАШАҒЫ БАР МА?

31 0

Джанкет-туризм — Қазақстанның туристік саласы үшін салыстырмалы түрде жаңа ұғым. Себебі ол тікелей игорлық бизнеске байланысты, ал бұл саланың елдегі дамуы, өкінішке қарай, көңіл көншітпейді.

Ағылшын тіліндегі junket сөзі бастапқыда үшінші тұлғалардың есебінен ұйымдастырылатын көңіл көтеру сапарын немесе серуенді білдірген. Өткен ғасырдың 1950-жылдарының ортасында Лас-Вегастың жетекші казинолары клиенттерді тартудың жаңа тетігін сынап көруді ұйғарды: ауқатты ойыншылар тобын шақырып, олардың ұшуын, қонақүйде тұруын, тамақтануын және кез келген шоуға баруын толықтай өз мойнына алды. Ал жауап ретінде бұл қонақтар ойын залында белгілі бір уақыт өткізіп, ірі мөлшерде бәс тігуі тиіс болды. Осындай сапарлар кейін «джанкет-турлар» деп атала бастады.

Мұндай турлар — ойынды байып кетудің амалы емес, жағымды демалыс түрі ретінде қабылдайтын ауқатты клиенттерге арналған. Бизнес-класс әуе рейсі, бес жұлдызды қонақүйлердегі люкс апартаменттер, казиноға дейінгі трансфер, ойын-сауық бағдарламасы және, әрине, ойынның өзі — джанкет-турдың мазмұны осындай. Бұл тұрғыда Қазақстан өзін белгілі бір дәрежеде «бюджеттік балама» ретінде ұсына алар еді. Ашық дереккөздерге сүйенсек, еліміздегі мұндай турлардың бағасы 5 мың АҚШ долларынан басталады, ал жоғарғы шегі шектелмеген — бәрі клиенттің қалауына және казиноның мүмкіндігіне байланысты.

Алайда сала сарапшылары Қазақстанда джанкет-туризмнің дамуына күмәнмен қарайды. Себебі мұнда басты фактор — ойынның өзі, ал Қазақстанға тек ойын ойнау үшін келетіндер аз. Мұны казинолардың шалғай орналасуымен, қосымша ойын-сауық нысандарының жоқтығымен, сондай-ақ игорлық аймақтардың мүлде дамымауымен түсіндіруге болады. Екі игорлық аймақта бар болғаны алты казино, көлік инфрақұрылымының әлсіздігі — мұның барлығы мемлекет тарапынан бұл саланың әлеуетіне жеткілікті назар аударылмай отырғанын көрсетеді. Ал шын мәнінде, игорлық бизнес қазіргі кірістен әлдеқайда көп пайда әкеле алар еді. Егер бүгінгі шектеулерді билік өкілдері қазақстандықтардың «рухани саулығын» қорғаумен түсіндірсе, джанкет-туристер — казиноға соңғы ақшасын тігуге келетіндер емес. Ендеше, олар мұны Қазақстанда жасасын!