АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЗАҢСЫЗ ОЙЫН БИЗНЕСІ ӘШКЕРЕЛЕНДІ

44 0

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (АФМ) департаменті Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған адамдар тобын анықтады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі @afm_rk телеграм-арнасында хабарлады.

Бұл – биылғы жылы анықталған жасырын ойын орындарының алғашқысы емес. Бұл жолы 4 ойын мекемесі және 14 ойын нүктесі жойылды. Сонымен қатар 48 ойын терминалы мен 32 дана компьютерлік техника тәркіленді.

Заңсыз ойын қызметін жүргізу нәтижесінде кінәлі тұлғалар 15 миллион теңгеден астам табыс тапқан.

Сот үкімімен бес адам 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Еске саламыз, 2007 жылғы 12 қаңтардағы №219 «Ойын бизнесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучинск ауданында ғана орналастырылуы тиіс. Аталған аумақтардан тыс Қазақстан Республикасының басқа барлық жерінде казино мен ойын автоматтары залдарын орналастыруға тыйым салынады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабына сәйкес, заңсыз ойын мекемесін ұстау немесе ойын бизнесі саласындағы қызметті заңсыз ұйымдастыру, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайларды ұсыну, заңда белгіленбеген орындарда құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу немесе лицензиясыз ойын бизнесі қызметін жүзеге асыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Қаламыздың немесе Алматы облысының аумағында заңсыз жұмыс істеп тұрған ойын клубтары туралы ақпаратты +7 7272 51-71-06 телефон нөмірі арқылы хабарлауға болады.