БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗ КЕЛГЕН ӘРЕКЕТТЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС РЕТІНДЕ ҚАРАЛУЫ ТИІС

76 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тиімді бизнес қала мен ауылдың дамуының берік негізі екенін ерекше атап өтті.

«Бизнес елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Ең алдымен, ол қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді, жұмыссыздықты азайтады. Салық базасын қалыптастыра отырып, жергілікті бюджеттерді толықтырады», – деді Президент.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстандағы бизнес әлі де құқық қорғау және бақылаушы органдардың әрекеттеріне байланысты көптеген мәселелерге тап болып отыр. Кәсіпорындарға қатысты рейдерлік жағдайлар жиілеген. «Бұл мәселеге қатысты менің ұстанымым белгілі: бизнестің дамуына кедергі келтіруге бағытталған кез келген әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс ретінде қаралуы тиіс», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында.

Біздің өңірде де түрлі қиындықтарға тап болып отырған, сонымен қатар ірі салық төлеушілер саналатын кәсіпкерлік субъектілері бар. Мысалы, 2021 жылы Қапшағайдағы 8 ойын бизнесі нысаны мемлекеттік бюджетке 10,8 миллиард теңгеден астам салық аударды. Бұл қаражатқа, мысалы, жалпы ауданы 56 894 шаршы метр тұрғын үй салуға болар еді. Бұл — әрқайсысы 80 шаршы метр болатын стандартты үш бөлмелі 711 пәтерге тең (бір шаршы метрінің бағасы биылғы қаңтар айында Талдықорған қаласында 189 824 теңге болған).

Президентіміздің «тиімді бизнес – қала мен ауылдың дамуының берік негізі» деген сөзі қаламыздың әрбір кәсіпкерлік нысанына тәуелді екенін айқын көрсетеді. Әрбір жабылған компания — бұл тек бір салық төлеушінің жоғалуы ғана емес, сонымен бірге қала тұрғындары үшін жұмыс орындарының қысқаруы.

Жергілікті кәсіпкерлер өз қызметін жүргізу барысында қандай мәселелерге тап болып жүргенін білгіміз келеді. Әсіресе ірі бизнес субъектілерінің жағдайы қалай екені қызықтырады. Ойын бизнесі өкілдері қандай қиындықтарға тап болуда? Мүмкін, кейбір шенеуніктер Президенттің сөзін естімей, бизнестің дамуына жасанды кедергілер жасап отырған болар?