Курочка по зернышку: казиноға әр елде қалай салық салынады

32 0

Қазақстандағы құмар ойын аймақтарында казино мен ойын автоматтары залдарының санының өте шектеулі болуы (6 казино және 10 ойын залы) біздіңше, құмар ойын бизнесіне салынатын салықтардың жоғары болуымен түсіндіріледі. Еске салайық, казинодағы бір ойын үстеліне ай сайын 1660 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салық салынады (шамамен 5,7 млн теңге немесе 12,7 мың АҚШ доллары), ал бір ойын автоматына 60 айлық есептік көрсеткіш (207 мың теңге немесе 460 АҚШ доллары) төленеді.

Енді басқа елдерде құмар ойын саласына салынатын салықтардың қандай екенін салыстырып көрейік.

Болгарияда да Қазақстанға ұқсас салық салу жүйесі бар. Бұл елде алғашқы казино мекемелері өткен ғасырдың 80–90-жылдарының тоғысында пайда болған, ал қазіргі қолданыстағы заң 2012 жылы қабылданған. Мұнда казинодағы бір ойын үстеліне салынатын салық (болгар левінен АҚШ долларына қайта есептегенде) шамамен 3,6 мың долларды құрайды, ал бір ойын автоматына салынатын салық небәрі 83 доллар. Соның нәтижесінде Болгарияда бүгінде 17 казино жұмыс істеп тұр.

Ал көптеген елдерде құмар ойын бизнесіне салынатын салық нақты белгіленген сома ретінде емес, мекеменің жалпы табысына (GGR) қарай есептеледі. Макаода бұл көрсеткіш GGR-дің 39 пайызына тең. Францияда салық мөлшері ойын түріне байланысты өзгеріп отырады. Сонымен қатар, онда ұтыстардың көлеміне қарай да салық ставкасы өзгеруі мүмкін, яғни реттеуші органдар құмар ойын нарығын бақылап, ағымдағы жағдайға бейімделіп отырады.

Пиреней түбегінің оңтүстігінде орналасқан, Ұлыбританияның теңіз асып жатқан аумағы саналатын Гибралтарда құмар ойын индустриясына салынатын салық мөлшері ақшалай айналымның 1 пайызына тең, бірақ жылына 425 мың фунт стерлингтен аспайды. Яғни, егер казиноның жылдық табысы бұл сомадан жоғары болса, заң бойынша олар белгіленген шектен артық салық төлеуге міндетті емес.

Ал Канадада казино үшін жеке салық түрі мүлде қарастырылмаған. Себебі елдегі гемблинг қызметін ұсынатын жеке компаниялардың басым бөлігі ойын өнімдерін жеткізуші ретінде тіркелген. Осыған байланысты Канада аумағында салалық салықтар жоқ, ал казино иелері жалпыға бірдей қолданылатын салық заңнамасына бағынады.

Бұл деректер отандық реттеуші органдар үшін ойлануға тұрарлық емес пе? Біздіңше, тыйым салуға негізделген тәсілге қарағанда, салықтық дискурс әлдеқайда нәтижелі.