ОЙЫН АЙМАҒЫН КӨШІРУ МӘСЕЛЕСІ ҮКІМЕТТІҢ КҮН ТӘРТІБІНДЕ ЖОҚ

38 0

Еске салайық, бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ведомство Қонаев қаласындағы казино қызметінің болашағын қарастыратынын мәлімдеді деген ақпарат тараған болатын. Бұл мәлімдеме ойын-сауық мекемелерінің қызметкерлері арасында резонанс тудырып, көптеген сұрақтардың туындауына себеп болды.

Осыған байланысты «QAPINFO» ақпарат агенттігінің журналисі тиісті сұрау жолдаған. Сұрауға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Мирас Төлебаев жауап берді.

«Қазіргі уақытта Алматы облысындағы ойын аймағының орналасуын өзгерту мәселесі Үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоқ.

Жалпы алғанда, Қапшағай қаласының атауы өзгеруіне байланысты ойын мекемелерін көшіру мәселесі кешенді сипатқа ие және құқықтық әрі экономикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеуді талап етеді. Сонымен қатар бұл мәселені қарастыру кезінде қоғамның және ойын бизнесі қауымдастығының пікірлері де ескерілуі тиіс.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Алматы облысының Қонаев қаласында (бұрынғы Қапшағай) жұмыс істеп тұрған 5 казино өңірдегі ірі салық төлеушілердің бірі болып табылады және тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етіп отыр.

Анықтама ретінде: берілген лицензиялар тізіліміне сәйкес, қазіргі уақытта казино қызметімен айналысуға 6 жарамды лицензия бар. Оның ішінде 5 лицензия Алматы облысының Қонаев қаласында, ал 1 лицензия Ақмола облысының Бурабай ауданында тіркелген.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, 2021 жылы казино мекемелері бюджетке 8,3 млрд теңге көлемінде салық төледі. Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, қаладағы казино мекемелерінде 2,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Осылайша, аталған казино мекемелерін басқа қалаға көшіру бюджетке түсетін түсімдердің айтарлықтай азаюына әкелуі мүмкін және бұл салада жұмыс істейтін адамдардың, сондай-ақ оған іргелес қызмет салаларындағы, соның ішінде жергілікті тұрғындардың жаппай жұмыссыз қалуына байланысты қоғамдық резонанс тудыру қаупін арттырады», – деді Мирас Төлебаев.

Үкіметтің өңір тұрғындары үшін ойын бизнесінің маңыздылығын түсінетіні қуантады. Сондай-ақ бюджетке түсетін миллиардтаған салық түсімдерінің ағынын тоқтатуға ниет жоқ екені атап өтілді.