Онлайн-казинолардың пайдасына 600 млрд теңге шығарылған

83 0

Агенттік деректеріне сәйкес, бұл іске 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары тартылған.

Қаржылық мониторинг агенттігі (АФМ) трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасын әшкереледі. Бұл схема аясында қаражат төлем ұйымдары арқылы өтіп, заңды операциялар ретінде жасырылып, онлайн-казинолардың пайдасына шығарылған.

«Схеманы іске асыру үшін финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған келісімшарттар негізінде алынған “сұр” POS-терминалдар мен Terminal ID-лерді пайдаланған. Бүгінгі таңда анықталған заңсыз операциялардың көлемі 600 млрд теңгеден асады. Құқыққа қайшы әрекеттерге 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары тартылған», — деп хабарлады АФМ өкілдері.

Агенттікте сонымен қатар төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген call-орталықтың қызметі де қатар тоқтатылғанын мәлімдеді. Оның заңсыз қызметіне Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтары қатарынан 120 адам тартылғаны нақтыланды.

Бұдан бөлек, call-орталықты ұйымдастырушылар криптовалюта арқылы қаражатты қабылдау және шығару жүзеге асырылған гемблингтік серіктестік бағдарламаны құрған. Оның айналымы 200 млн АҚШ долларынан асты. АФМ мәліметінше, аталған іс-шаралар барысында 70-тен астам тінту жүргізіліп, нәтижесінде заттай дәлелдемелер тәркіленген.

«Сот санкциясымен тоғыз фигурантқа, олардың ішінде “Төлем ұйымдары қауымдастығы” заңды тұлғалар бірлестігі басшысының кеңесшісі де бар, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта тағы сегіз адамды, оның ішінде шетел азаматтарын, халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», — деп қорытындылады АФМ.

Агенттікте Қазақстан аумағында онлайн-казино қызметіне толықтай тыйым салынғанын тағы да еске салды. Бұл платформалар салық төлемейді, клиенттерді сәйкестендіруді жүргізбейді, балалар мен жастарды белсенді түрде тартады және халықтың моральдық әрі психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіреді.

«Агенттік жеке және заңды тұлғаларды заңсыз құмар ойындарды ілгерілетуге қатысудың жол берілмейтіні туралы тағы да қатаң ескертеді. Онлайн-казино қызметі заңды бұзып қана қоймай, лудоманияның таралуына ықпал етеді. Осыған байланысты заңсыз құмар ойындарға кез келген түрде жәрдемдесу қылмыстық қызметті ұйымдастыруға жәрдемдесу ретінде бағаланып, сөзсіз қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», — деп ескертті АФМ.