Сәтсіз Лас-Вегас: Қонаевтағы қаңырап қалған казинолар және Қазақстандағы ойын аймақтарының болашағы

71 0

Қазақстанда жаңа ойын аймақтарын ашу мәселесі қарастырылып жатыр — шенеуніктер осылайша шетелдік туристерді көбірек тартуды жоспарлауда. Алайда қазірдің өзінде бар Қонаев пен Бурабайдағы ойын аймақтарында тоқырау байқалады. Соңғы онжылдықтарда ойын мекемелерінің саны 50 есеге қысқарған. Tengrinews.kz тілшісі ойын аймағы ашылғанына 20 жылға жуық уақыт өткен соң Қонаевтағы казинолардың қазіргі жағдайын көру үшін арнайы барып қайтты.

Өткен жыл бойы қазақстандықтар елде ойын аймақтарының санын кеңейту жоспарланып жатқаны туралы жаңалықтарды оқыды. Қазіргі таңда мұндай екі аймақ бар: Алматы облысында (Қонаев) және Ақмола облысында (Бурабай ауданы). Алайда шенеуніктер ойын қызметіне рұқсат етілетін аумақтардың санын арттыруды көздеп отыр.

Соңғы деректерге сәйкес, казинолар Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауында, Алакөл көлінің жағасында, Жетісу облысының Панфилов ауданында, Алматы облысының Талғар ауданында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл мен Зайсан аудандарында пайда болуы мүмкін. Жаңа ойын аймақтарына тек шетел азаматтары ғана кіре алады деп жоспарлануда. Қазақстан азаматтарына қолжетімді болмайды.

Сонымен қатар соңғы жылдары Қазақстандағы заңды казинолар саны азайып келеді. Мысалы, 2015 жылы елде 22 казино болса, 2023 жылдан бүгінге дейін тек алты мекеменің лицензиясы бар.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәлімдемелерінен-ақ саланың дағдарыс кезеңін бастан өткеріп жатқаны байқалады.

«Қазақстанда ойын мекемелерінің саны 50 еседен астам қысқарды. Бұрын елде шамамен 140 казино және 2000-нан астам ойын автоматтары залы болған. Қазіргі таңда 39 лицензияланған ұйым қалды: алты казино, 10 ойын автоматтары залы, 17 букмекерлік кеңсе және алты тотализатор», — деп атап өткен еді шенеуніктер 2023 жылы.

Tengrinews.kz тілшісі Қазақстандағы алғашқы ойын аймақтарының бірі — Қонаевқа барып, оның қазіргі жағдайымен танысты. Мұнда ойын қызметіне 2007 жылдан бері рұқсат етілген.

Сәнді «қаңырап қалған» ғимараттар

Біз Алматыдан Қонаевқа сейсенбі күні таңғы тоғызда таксимен жолға шықтық. Мекенжайды көрген жүргізуші жымиып: «Казиноға бара жатырсыздар ма?» — деп сұрады.

Аптаның ортасында, таңертең ерте казиноға баратын жолаушылар жиі бола ма деп сұрадық. Жүргізуші мұндай жағдайлар кездесетінін айтты.

Қолданыстағы лицензиялар тізіліміне сәйкес, бұл ойын аймағында ресми түрде бес казино тіркелген.

Олардың жанынан өткенде тұрақта көптеген көліктерді көрдік. Оның бір бөлігі қызметкерлерге тиесілі болуы мүмкін. Бірақ түннен бері отырған қонақтардың да көліктері болуы ықтимал, өйткені казинолар тәулік бойы жұмыс істейді.

Жол бойында әртүрлі казинолардың жарнамалық баннерлері орналасқан. Бірі бұрынғы ресейлік жұлдыздарды шақырса, енді бірі белгілі бір күндердегі ұтыс қорларын немесе жаңа ойын түрлерін жарнамалайды.

Алайда бізді жабылған нысандар қызықтырды. Алғашқылардың бірі — «Carlton» казиносы. Ол бірнеше жылдан бері жұмыс істемейді. Ғимарат біртіндеп тозып барады, терезелерінің бір бөлігі сынған. Есігінде пломба тұр.

Келесі жабық казино — «Star». Жазуы өшіп, бүлінген. Қазір бұл ғимарат автотұрақты жергілікті мемлекеттік органмен бөліседі. Есігінде «нысан күзетте» деген стикер бар.

Тағы бір жабық казино — «Asia Gold». Бұл нысан иесінің қарызына байланысты бірнеше жыл бұрын қамауға алынған. 2019 жылдан бері 1,7 миллиард теңгеге бірнеше рет сатылымға шығарылғанымен, аукциондар өтпеген деп танылған.

Ғимарат құрылыс қоршауымен қоршалған. Ұзақ уақыт бос тұрғандықтан, фасады тозған, «ойынхана» жазуы күнге оңып кеткен.

Тағы бір жабық казино — «XO Club». 2009 жылы салынған, 2019 жылдан бері жұмыс істемейді. Қазір ғимараттың қаптамалары түсіп, тозып тұр. Соңғы рет 2025 жылдың желтоқсанында 878 миллион теңгеге бағаланып сатылымға шығарылған, бірақ аукцион «болдырылмаған» деп көрсетілген.

Кейде бұл ойын аймағын «қазақстандық Лас-Вегас» деп атайды. Алайда бүгінде ол бес жұмыс істейтін казиносы бар, бірнеше букмекерлік кеңселері мен ойын автоматтары орналасқан күйзеліске ұшыраған өнеркәсіптік аймақты еске салады.

Жабық казинолардың бірінің жанында жаңа «ойын-сауық және қонақүй кешені» салынып жатыр. Демек, кейбір кәсіпкерлер бұл аймақта әлі де әлеует бар деп есептейді.

Бұрынғы «Фламинго» казиносы орналасқан ғимаратта қазір Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті орналасқан. Бұрынғы ойын мекемесін тек сәулеттік ерекшеліктерінен ғана тануға болады.

Ал ең танымал бұрынғы казино ғимаратында 2022 жылдан бері Алматы облысының әкімдігі орналасқан.

Казино, шенеуніктер, қазақстандықтар және ақша

Алматы облысының әкімі Мұрат Сұлтанғазиев Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында ойын бизнесінен түсетін салық облыс бюджетіне жылына шамамен 100 миллиард теңге кіріс әкелетінін айтқан. Сондай-ақ бұл сала шамамен 3,5 мың адамды жұмыспен қамтиды, ал жанама салалармен бірге 7 мыңға дейін адам еңбек етеді.

Ашық деректерге сәйкес, Қонаевтағы казинолар 2023 жылы 14,5 миллиард теңге, 2024 жылы 17,1 миллиард теңге салық төлеген.

Алайда елдегі казинолар саны соңғы онжылдықтарда артпай, керісінше азайған. Бұған салық саясатының қатаюы және онлайн-казинолардың танымалдығы әсер еткен.

2025 жылдың наурызында туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Қазақстанда 350 мың адам жүйелі түрде құмар ойын ойнайтынын мәлімдеген. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, олардың 36 мыңы лудоманияға шалдыққан.

Соған қарамастан, шенеуніктер бұл бағытта үлкен перспектива бар деп санайды. Комитеттің мәліметінше, 2030 жылға қарай шетелдік туристер саны 22 810 адамға жетеді, ал екі жаңа ойын аймағы 2028 жылға дейін 6,5 миллиард теңге салық түсімі мен 2 мың тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді.

Алайда шетелдік туристер үшін тек казинолардың болуы жеткіліксіз. Оларға дамыған инфрақұрылым, жайлы қонақүйлер, сапалы қызмет көрсету және жалпы тартымды орта қажет.

Тәжірибе көрсеткендей, қомақты қаражаты бар адамдарды күйзеліске ұшыраған өнеркәсіптік аймаққа тарту оңай емес.