ҮКІМЕТТЕ АҚТАУ ҚАЛАСЫНДА ИГОРЛЫҚ АЙМАҚ АШУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛЫП ЖАТҚАНЫ РАСТАЛДЫ

46 0

Еске салайық, бұған дейін біз Маңғыстау облысының Ақтау қаласында игорлық аймақ ашуға қазақстандық кейбір шенеуніктердің қызығушылық танытып отырғаны туралы жазған болатынбыз. Бізге түскен ақпаратқа сәйкес, бұл казино тек шетел азаматтарына арналған болуы мүмкін.

QAPINFO тілшісі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінен осы ақпараттың қаншалықты рас екенін және Қазақстанда екі игорлық аймақ бар болған жағдайда үшінші игорлық аймақтың не үшін қажет екенін сұрады.

Бұл сұраққа Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Мирас Төлебаев жауап берді:

«Маңғыстау облысында шетел азаматтарына ғана арналған игорлық аймақ құру жобасын іске асыру мәселесі қазіргі уақытта қаралу сатысында тұр. Бұл ретте нарықты талдау, тиісті игорлық қызметтерге деген әлеуетті сұраныс және өңір тұрғындарының қоғамдық пікірі ескеріледі».

Әрине, бұл — жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылымның дамуы, бюджетке қосымша салық түсімдері және басқа да оң өзгерістер тұрғысынан жақсы жаңалық. Алайда, маңызды сұрақ туындайды: егер Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында орналасқан қолданыстағы екі игорлық аймақ әлі халықаралық деңгейде толық іске асырылмаған болса, Қазақстанға үшінші игорлық аймақ не үшін қажет?

Әлде Үкімет қазіргі игорлық аймақтар халықаралық стандарттарға толық сай дамыды деп есептей ме?

Айта кетейік, 2007 жылы инвесторларға Қазақстанда игорлық бизнес үшін арнайы тек екі ғана аймақ болатынына кепілдік берілген. Осы кепілдіктерге сеніп, көптеген инвесторлар қомақты қаржы салған болатын. Ал қазір Ақтаудағы «Thethys» туристік аймағы аясында орналасқан «Fairmont» қонақүйі жанынан жаңа игорлық аймақ ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Мирас Төлебаев журналистің Қазақстанға үшінші игорлық аймақтың жалпы не үшін қажет екені жөніндегі сұрағын жауапсыз қалдырды.

Осыған байланысты, біз Үкіметке алдымен Қапшағай су қоймасы жағалауындағы және Бурабай ауданындағы қолданыстағы игорлық аймақтар бойынша барлық жоспарланған жобаларды толық жүзеге асыруды, ал содан кейін ғана Қазақстанда жаңа игорлық аймақтар ашу мәселесін қарастыруды ұсынамыз.