ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚҰМАР ОЙЫНДАРЫ БИЗНЕСІ: ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ОЙЫН АЙМАҚТАРЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?

70 0

Соңғы бірнеше жыл ішінде біз құмар ойындары бизнесінің Қазақстан экономикасы мен туризм саласы үшін маңызы туралы мәселені бірнеше рет көтердік. Бүгінде бұл тақырып жаңа сипатқа ие болды.

2026 жылғы 17 мамырға дейін Қазақстанда казиноларды орналастыруға тек екі жерде ғана рұқсат етілді — Қапшағай су қоймасының жағалауында және Бурабай курорттық аймағында. Мұндай тәртіп 2007 жылдан бері, Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңы қабылданғаннан кейін қолданылып келеді. Аталған заң казино қызметін арнайы белгіленген екі ойын аймағында шоғырландырды.

Алайда биылғы жылдың наурыз айында туризм саласын қолдау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер қабылданып, ойын бизнесі объектілерін орналастыруға рұқсат етілетін аумақтардың тізімі кеңейтілді. Тиісті заңға 2026 жылғы 16 наурызда қол қойылып, ол 17 мамырдан бастап күшіне енді. Жаңа әлеуетті алаңдардың қатарына Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауы, Жетісу облысының Панфилов ауданы мен Алакөл көлінің жағалауы, Алматы облысының Талғар ауданы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл және Зайсан аудандары енгізілді. Бұдан бөлек, 1 шілдеден бастап ойын бизнесін Алматы қаласының аумағында да жүргізуге рұқсат беріледі.

Осылайша, мемлекет ойын индустриясының инвестициялар тартудың, салық түсімдерін арттырудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың және туристік инфрақұрылымды дамытудың маңызды көзі бола алатынын мойындады.

Мұны Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың 9 маусым күні Үкіметтегі брифинг барысында жасаған мәлімдемесі де растады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта жаңа ойын аймақтарын құру үшін жер учаскелерін айқындау және инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ең пысықталған алаңдардың бірі ретінде Алматы облысындағы Ақбұлақ аумағы қарастырылуда, онда қажетті инфрақұрылымның белгілі бір бөлігі қазірдің өзінде қалыптасқан. Сондай-ақ министр Маңғыстау облысын да перспективалы өңірлердің бірі ретінде атады. Алдын ала жоспарларға сәйкес, жаңа казинолар 2027 жылы жұмысын бастауы мүмкін.

Осы шешімдердің аясында заңды сұрақ туындайды: Қонаев қаласы мен Бурабай ауданындағы қолданыстағы ойын аймақтарының болашағы қандай болмақ?

Өйткені дәл осы өңірлерде Қазақстанның заңды ойын бизнесі жиырма жылға жуық уақыт бойы дамып келеді. Бүгінде елімізде алты казино және бірнеше ойын автоматтары залы жұмыс істейді. Олар саланың реттелетін сегментінің негізін құрайды. Бұл жерде тек ойын мекемелері туралы ғана сөз болып отырған жоқ. Олардың айналасында қонақ үйлер, мейрамханалар, көлік компаниялары, күзет қызметтері, техникалық және сервистік ұйымдар қызмет көрсетеді. Сала тікелей де, сабақтас бизнес бағыттары арқылы да халықты жұмыспен қамтып отыр.

Бүгінде Қонаев қаласының маңызы ерекше. Ол Қазақстанның перспективалы туристік орталықтарының бірі ретінде қарастырылуда. Алматы қаласына жақын орналасуы, Қапшағай су қоймасының жағалауы және қалыптасқан ойын инфрақұрылымының болуы туристік ағынды одан әрі ұлғайтуға елеулі мүмкіндік береді.

Осыған байланысты бірқатар сұрақтар туындайды. Қолданыстағы ойын аймақтарын дамыту үшін қандай шаралар жоспарланып отыр? Инвестициялар тартудың жаңа тетіктері қарастырыла ма? Инфрақұрылымды жаңғырту және жұмыс істеп тұрған бизнеске қосымша ынталандыру шараларын енгізу жоспарланып отыр ма? Егер мемлекет жаңа ойын аймақтарын ашудың перспективасын көріп отырса, онда дәл осындай назар қолданыстағы алаңдарға да аударылуы тиіс. Өйткені кез келген инвестор болашақ жобаларды ғана емес, саланың қазіргі жағдайын да бағалайды.

Түптеп келгенде, қолданыстағы ойын аймақтарының даму нәтижелері Қазақстанның заңды ойын бизнесінің әлеуетін заманауи туристік экономиканың маңызды элементтерінің бірі ретінде қаншалықты тиімді пайдалана алатынын көрсетеді.